ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының біршама бөлігін нәзік жандылар құрайды. Осындай нәзік жанды аруымыздың бірі біздің кейіпкер – ІІО әкімшілік қызмет кафедрасының оқытушысы, Академия әйелдер кеңесінің мүшесі полиция аға лейтенанты Сейдахмет Әсемгүл Уахитқызы. Бала кезден ішкі істер саласында жұмыс істеуді армандаған Әсемгүл бүгінде осы саланың үздік жас мамандарының бірі. Оның айтуынша бұл жолға балалық шағынан армандап келген.
– Мен балалық шағымнан полиция қызметкері болып, еліме адал қызмет еткім келетін. Мен осы ойымнан ешқашан айнымай 2013 жылы оқу бітірісімен ойланбастан ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түстім. Кейін сол жылы Қостанай академиясына ауысып, 2017 жылы «Оқу орнының үздігі» атанып, қызыл дипломмен тәмамдап, Ішкі істер министрінің қолынан погон алдым. Менің бұл жолды таңдауыма туған әпкем Билялова Динара Бақытжанқызы себепкер болды. Себебі біздің отбасымызда Ішкі істер саласына қатысты жандар болмады. Әпкем де Қостанай академиясын тәмамдаған. Ал анам Билялова Бейнегүл Амангелдіқызы орыс тілі және әдебиет пәнінің ұстазы. Тек әпкем екеуміз осы мамандық жолында қызмет етіп келеміз».
Әсемгүлдің айтуынша, оған құқық қорғау қызметінде еңбек еткен қатты ұнайды. Ол оқуды тәмамдаған соң Солтүстік Қазақстан облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы кейін, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы саласында қызмет етті. Сол жерден жергілікті полиция қызметімен жіті танысып білімін шыңдай білді. Кейін 2018 жылы өзінің білім ошағында магистратураға түсіп, өзін педагогикалық қырын шыңдағысы келді. Осы сәттен бастап ІІО әкімшілік қызмет кафедрасының оқытушысы болды. Осы салада жүріп, көптеген білімді адамдардан тәжірибе алып, іс жүзінде жетілдіріп келеді. Сонымен қатар кейіпкеріміз қызметінен бөлек бос уақытын тиімді өткізіп, сүйікті ісіне жиі уақыт бөлетінін айтты.
– Күндізгі жұмыс уақытынан кейін сүйікті ісіңмен айналысып, бос уақытымды тиімді өткізгім келеді. Атап айтсам, вокал, спортпен шұғылданып, көркем және заң кітаптарын оқығанды сондай-ақ саяхаттағанды жаным сүйеді. Әрине кез келген нәзік жан үшін бұл саланың жүгі ауыр болғанымен тиімді де қызықты тұстары көп. Сондықтан да хоббиімен айналысып, өзімді басқа қырынан да шыңдап жүремін. Сондай-ақ мен барлық Қазақстан полициясы қызметкерлерін келе жатқан мерекелерімен шын жүректен құттықтағым келеді. Сіздерге жауапкершілік, сабырлық, еңбектеріңізде жемістеріңіз жанып, отбасыларыңызға амандық пен дендеріңізге саулық тілеймін!
Және де Қостанай академиясы мен алғашқы қызметін бастаған СҚО Шал Ақын аудандық полиция департаменті бөлімінің ұжымына алғысын білдіреді.
Бүгінде Әсемгүл Уахитқызы Қостанай академиясының оқытушылар құрамындағы білікті мамандардың бірі десек артық айтқанымыз болмас. Ол алдағы уақытта осы салаға білікті құқық қорғау мамандарын дайындауға елеулі үлесін қосатынын және осы жолда адал еңбек ететін мәлімдеді.
Қостанай академиясының баспасөз қызметі
Источник: top-news.kz