Ренат Рафикұлы: Өзге ұлт өкілінің мемлекеттік тілде сөйлегеніне кейбір азаматтар таң қалады

Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуі тиіс.

Ел Президенті де дәл осы мәселені өткен Жолдауында атап өткен болатын. Елімізде мекен етіп жатқан өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін жетік меңгеріп қызмет етіп жүрген азаматтар бар. Сондай азаматтың бірі – Набиев Ренат Рафикұлы. 

Nege.kz порталынының тілшісіне Қостанай облысы ПД Арнайы жұмылдыру дайындығы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Набиев Ренат Рафикұлы сұхбат берді. 

– Өзіңіз, қызметіңіз туралы толығырақ айтып берсеңіз?

– 1979 жылғы 29 қарашада Қостанай облысы Сарыкөл ауданында дүниеге келдім.  Әкем — Набиев Рафик Рамазан-оглы, ұлты — Әзірбайжан, анам — Набиева Любовь Яковлевна, ұлты — поляк, екеуі де зейнеткерлер. Отбасын құрғанмын, 1 ұлым бар. Әйелім — Набиева Гюльрава Аллахверди кызы ұлты – әзірбайжан. Ол да қазақ тілін жетік меңгерген.

Бала күнімнен спортқа, шығармашылыққа  жақын болдым (балет биіне де қатысқанмын). Ерте жастан оқи бастадым. Менің сүйікті кітаптарым Ұлы Отан соғысы жайында болды. Барлық балалар сияқты мен де Кеңес Одағы Батырларының ерліктеріне тамсанатынмын, әскери фильмдерді жақсы көретінмін. Бала күнімнен жасөспірім шағымда солдаттарды, әскери ойыншық машиналарды, танк, ұшақтарды коллекциялайтынмын. Менің өзімнің көз алдымда атам Рамазан үлгі болатын, ол Курск бұғазында алдыңғы қатарда ұрыста болған. Атамыз қазір жоқ болса да мен оның медальдары мен Отан соғысындағы І дәрежелі орденін көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Полиция қызметкері болуыма  да Рамазан атамнынң тікелей қатысы бар. Ол кісі менің бала күнімнен  зерек әрі алғыр, қызығушылығым  зор болып өсіп келе жатқанымды байқаған екен.

Осылайша, 1996 жылы орта мектепті үздік аяқтап, А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың заң факультетіне оқуға түстім. Бұл жерде мен оқу мен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді ат салысып тұрдым, пікірсайыстар мен КТК-ға қатысып тұрдым. Бос уақытымда футбол, волейбол, хоккейге бардым, сонымен қатар үстел теннисін де ұмытпадым. ЖОО-дан кейін  Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімінде борышымды өтедім. Үйге үлгілі қызметім үшін медальмен оралдым. 2005 жылдан жұмысымды  жедел уәкіл ретінде Қостанай қаласының  ІІБ-да бастадым. Бүгінгі күні Қостанай облысы Полиция департаментінің Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы болып қызмет етемін.

–  Басқа ұлт өкілдері үшін қазақ тілін меңгеру қаншалықты қиын?                                                                                         

–  Мен, интернационалды отбасында дүниеге келдім, түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрі сабақтасқан  жанұяда өстім. Әкем жағынан –әзірбайжанмын, анам жағынан – жартылай неміс және полякпын.  Мүмкін, сондықтан болар, бала күнімнен тілге деген қызығушылығым ерекше. Қазақ тілі де түркі тілдерінен бастау алады, әзірбайжан тілі де солай. Өте ұқсас сөздер көп. Сондықтан, мемелекеттік тіл мен үшін өте жақын әрі қиындық туғызбайды. Мен ауызекі сөйлеушілермен жиі араласып тұрамын, бұл менің білімімді тереңдетуге көмегін тигізуде, сөздік қорымды байытады.

Менің ойымша тіл үйрену қиын емес, ең бастысы талпыныс пен қызығушылық болуы қажет. Жеке өз басым қазақ тілін білуімнің жұмыс барысында, іс қағаздарды жүргізуде көмегі зор.

–  Қызмет бабында қазақ тілін білуіңізге қатысты қандай да бір қызық жағдай болды ма?                                            

–  Оғаш жағдайлар болған жоқ.  Тілді білуім және таза сөйлеуім кей кездері жан-жағымдағыларды таңдандырды. Өзге ұлт өкілінің мемелекеттік тілде сөйлегеніне кейбір азаматтар таң қалып жатады. Мемлекеттік тілді білу Отан алдындағы өзімнің борышым деп санаймын және басқаларды да тіл үйренуге шақырамын.

–  Сіздің жұмыстағы бір күніңіз қалай өтеді?   

– Әр күнім 9.00-де басталады. Басшылықтын жиналысында тапсырмалар беріліп, бір күндік жұмыс жоспары құрылады. Іс сапарларға жиі шығып тұрамыз, өзіміздің аумақтық бөлімшелерді аралаймыз, сол аумақтарда қызметкерлермен оқу-жаттығулар өткіземіз. Жұмыс күні Жол полициясы мен ІІМ басшыларының нұсқауларының орындалған қорытындысы мен сараптамасын шығарып 19.00-де аяқталады. Біз жұмыспен ғана шектеліп қалмаймыз қоғамдық жұмыстарға да ат салысамыз. Мысалы пандемияға дейін Департаментте біздің қызметкерлерден құралған хор болды. Кешкілік сол жерде дайындық өткізуге де уақыт табатынбыз. Түскі үзілісте немесе бос уақыт табыла қалса үстел теннисін ойнап, жұмыстың ведомстволық спортзалына барып жаттығамын.

–  Бүгінгі күні полицейлердің физикалық дайындығы қандай деңгейде?                                       

–  Менің ойымша полиция қызметкерлерінің дене шынықтыруы әрқашан жоғары деңгейде болуы керек.  Ол үшін біздің Департаментте барлық жағдай қарастырылған – спортзал, тир бәрі бар.  Құрылған жоспарға сәйкес біз түрлі сынақтар тапсырамыз. Сонымен қатар менің әр әріптесім түрлі спорттық жарыстарға қатысуға тырысады.

– Нағыз мықты полицейдің бойында қандай қасиеттер болуы тиіс?  

–  Бастысы тәртіпті, адал, мақсатты, батыл болуы керек. Біздің әрқайсысымыз әскери киімге құрмет көрсетуіміз қажет. Біз қоғамдық тәртіптің сақшысымыз – сондықтан қоршаған орта үшін біз үлгі болуымыз керек.

–  Не себепті осы мамандықты таңдадыңыз? Алда қандай жоспарларыңыз бар?

–  Мен бала күнімнен полиция қызметкері болып, әскери киім киюді армандадым. Менің отбасымда ешкім ешқашан құқық қорғау органдарында жұмыс істемеген. Ата-анам мені мақтан тұтады, сондықтан олардың сенімін ақтағым келеді. Бойыма дарытқан адалдық, еңбекқорлық пен әділдік ізімен жүруге тырысамын.

–  Хоббиңіз қандай,кай спорт түрімен айналысасыз?

– Айтып өткендей, футбол, волейбол, үстел теннисі, хоккей, шахмат, шашка ойыны. Бірнеше рет ІІО қызметкерлерінің арасында өткен облыстық жарыстарға қатыстым. 2015 жылы  Қостанай қаласының  ІІБ  Президенттік көпсайыста жалпы команда бойынша 1-орын алды. 2018 жылы Қостанай облысы ПД-ның команда құрамында  Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы ІІБ-ның қызметкерлері арасында хоккей турнирінде 3 орын алдық.  Қызметтік міндетін атқаруда қаза тапқан Турумшинді еске алуға арналған ІІО қызметкерлері арасандағы шағын футболдан 2019-2021 жылдары Қостанай облысы ПД командасының құрамында жеңіске жеттік.

–  Әңгімеңізге рахмет!

 

 

Источник: nege.kz

Вверх