ІІМ-де 9 айдағы жұмыс қорытындысы шығарылды

ҚР Ішкі істер министрлігінде министр Ерлан Тұрғымбаевтың басшылығымен алқа отырысы өттi

ҚР Ішкі істер министрлігінде министр Ерлан Тұрғымбаевтың басшылығымен алқа отырысы өтті, оның барысында құрылымдық бөліністер мен ведомстволардың басшылары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмаларының орындалу барысы және ішкі істер органдарының ағымдағы жылдың тоғыз айындағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары туралы баяндады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жұмыстың “сервистік моделіне” көшу, полиция қызметтерінің ашықтығын, айқындығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, халықпен “кері байланыс орнату” мәселелері қаралды.

Ерлан Тұрғымбаев “жұртқа жақын полиция” қағидатын іске асырудың, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін модульдік бекеттер мен учаскелік пункттер желісін дамытудың маңыздылығын атап өтті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыр қылмыстар, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, зорлау, ұрлық, мал ұрлығы, бұзақылық санының азаюына қол жеткізілді. Оң үрдістердің ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар 30%-ға, мас күйінде құқық бұзушылық жасау 21%-ға, қоғамдық орындар мен көшелерде орын алған құқық бұзушылықтардың үштен бірге азаюын атап өту қажет. Бірқатар өңірлерде отбасылық-тұрмыстық қылмыс айтарлықтай төмендеген.
Сонымен қатар, министр интернет-алаяқтық санының өсуіне назар аударды. Азаматтардың сенімдерін пайдалана отырып, қылмыскерлер алдаудың әртүрлі тәсілдерін қолданады. Көбінесе ұрланған қаражат шетелге электрондық төлем жүйелері арқылы шығарылады.

“Осыған байланысты ҚР ІІМ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Ішкі істер министрлері кеңесінің отырысында елден тыс, шектес мемлекеттер аумағында жасалатын осындай қылмыстарға қарсы іс-қимыл тетігін бірлесіп әзірлеу туралы бастама жасады. Алаяқтық іс-әрекеттер мен түрлі қаржы пирамидаларының қызметінің кесірінен азаматтарға айтарлықтай материалдық зиян келтіріледі, бұл шұғыл шараларды талап етеді”, – деп атап өтті ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі жұмыс жеке қаралды. Есірткі құралдарын интернет арқылы жарнамалау және тарату үшін жауапкершілік күшейтілді. Заңсыз айналымға жедел ден қою және оны болдырмау үшін есірткінің жаңа түрлеріне тыйым салынады, есірткінің қылмыстық жауаптылық туындайтын “криминалдық салмағы” төмендетіледі.

Алқа отырысында қаралған тағы бір өзекті мәселе жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Авариялардың негізгі себебі – жүргізушілердің жол қауіпсіздігін сақтамауы, әрбір бесінші ЖКО жылдамдықты арттыруға байланысты, әрбір сегізінші ЖКО жолдың қарсы қозғалыс жолағына шығу немесе жол қиылыстарынан өту себебі бойынша жасалады. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің тәртібі мен қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Себебі жалпы ЖКО-ның, оның ішінде өліммен аяқталған және көп адам жарақаттанған ЖКО санының өсуі.

Осыған байланысты Ерлан Тұрғымбаев жолдардағы қауіпсіздікті бақылауды күшейтуді, көше-жол желісіне тексеру жүргізуді, жол-пайдалану қызметтерінде бұзушылықтарды жоюды ұйымдастыруды, жол инфрақұрылымына жауапты мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жандандыруды тапсырды.

Сонымен қатар, министр бейнебақылау жүйесін кеңейту, жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеу жүйесін белсенді қолдану және аталған бұзушылықтар үшін жазалаудың бұлтартпастығы қағидатын басым бағыт деп атады. Бірінші кезектегі міндеттердің бірі – жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіпті сақтау, кадр саясатын жетілдіру, қоғам мен халықтың сенімінен шығатын полицейдің “жаңа форматын” құру.

Вверх