Амангелді ауданында қаңғыбас иттерді чиптеу және вакцинациялауға қаражат бөлінеді

Қостанай облысы Амангелді ауданында Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда 2026–2028 жылдарға арналған жергілікті бюджетке енгізілетін өзгерістер талқыланды. Жиынның басты тақырыбы — жануарларға жауапкершілікпен қарау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру болды.

 

Кеңес жұмысына аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі, Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы Амангелді аудандық филиалының директоры Айдар Жамансарин қатысты. Мұндай талқылауларға бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуы бюджет қаражатының бөліну ашықтығын және мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерлерде орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бюджетке өзгерістер ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес енгізілуде. Құжатқа сәйкес, аудандық бюджеттен иесіз және қаңғыбас үй жануарларының санын реттеу бойынша кешенді іс-шараларға қаражат бөлінеді. Жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі:

Жануарларды аулау және уақытша ұстау;

Біріңғай ақпараттық есепке алу жүйесіне мәліметтерді енгізу үшін идентификациялау (чиптеу);

Жануарлар популяциясын бақылаудың халықаралық стандарты болып табылатын вакцинациялау және стерилизациялау.

Аталған іс-шараларды іске асыру функциялары 2026–2028 жылдарға арналған кезеңде аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне беріледі. Мұндай ротация ТҮКШ бөліміне аулау қызметтері мен арнайы ұстау пункттерінің жұмысын тікелей үйлестіруге, сол арқылы елді мекендердегі тиісті санитарлық тәртіпті қамтамасыз етуге жол ашады.

Вверх