Қостанай облысының полиция департаментінде келе жатырған Отбасы күні мерекесіне арналған «Батырлық сабағы» атты кездесулер жалғасуда.

 Атасынан бермен полиция мамандығын таңдап келе жатырған отбасылар шақырылып, жанұя құндылығы жайлы тілге тиек етуде.

Кезекті қонақ – Бауыржан Әбдібеков.Бауыржан Досымханұлы отбасылық династияның негізін қалаушы, ішкі істер органдарының ардагері, отстаквкадағы полиция подполковнигі болып табылады. Әулиекөл ауданының тумасы. Қызметін 1982 жылы кіші лейтенанттан бастаған ол, 1992 жылдан бері басқарушы қызметтерге қол жеткізе білді. Ал 2004 жылы Қамысты ауданының ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары дәрежесінде зейнетке шықты.

Менің отбасымда полиция мамандығын таңдағандар жетерлік. Отбасылық династия бола білдік. 4 ағайынды осы мамандықты таңдадық. Жалпы, өзім осындай ортада өстім деуге болады. Туған ауылымнан шамамен 50 полиция қызметкері шықты десем өтірік болмас. Бауырларымның балалары да қазір осы жолға түсіп, әке жолын қуып келе жатыр, – дейді Бауыржан Әбдібеков.

Бауыржан ағаның өзінің де баласы полиция атануды шешкен. Бірақ, өкінішке қарай 2009 жылы өзінің қызметтік борышын атқару үстінде Медет Бауыржанұлы ерлікпен қаза тапқан еді. Ол Таран аудандық ішкі істер бөліміндегі қылмыстық полиция бөлімшесін басқарған болатын.

Полиция департаментіне, әріптестеріме, ел ағаларына алғысымды айтқым келеді. Себебі, ұлымның есімі ешқашан ұмытылған емес. Әулиекөл ауданының орталығында балалар спорт алаңы ашылды. Сонымен қатар, көшеге ұлымның аты берілді. Басқа ауданда қызмет етсе де оны өзінің туған жері Әулиекөл ауданының тұрғындары ұмытпай, рухын қастерлеп келеді, – дейді Бауыржан Досымханұлы.

Расымен де, офицердік есімін мәңгі есте қалдыру ісіне әріптестері белсене кіріскен еді. Медет Досымханов атындағы балалар спорт алаңы полицейлер жинаған қаржыға салынды. Сонымен қатар, кездесуде арнайы шақыртылған қонақ ішкі істер органдарында екі, үш немесе одан да көп буын қызмет ететін отбасыларда ¬патриоттық, ар-намыс, парыз деген ұғымдар жай сөз емес екендігін айтты. Қызметке деген құрмет, парызға адалдық, мамандықтың беделін бала кезінен тәрбиелеу осындай әулеттерде болатындығы сөзсіз.

Вверх